9-лекция
Тақырыбы: Оқушының пәндік
компитенттілігін (құзіреттілігін) қалыптастыру.
Пәннің мазмұнына байланысты дүниетанымдық ұғымдар
мен көзқарасты қалыптастыру жолдары.
Дүниетанымдық білімнің маңызы, оны күнделікті
өмірде қажеттілігі, әр түрлі құбылыстар
аралығындағы байланысты көруге, білім
біртұтастығын қалыптастыру негізінде оның
маңыздылығын көрсету.
Мақсаты: Дүниетанымдық білімнің
маңызы, оны күнделікті өмірде қажеттілігі, әр
түрлі құбылыстар аралығындағы байланысты
көруге, білім біртұтастығын қалыптастыру негізінде
оның маңыздылығын көрсету.
Жоспары:
1. Оқушының пәндік
компитенттілігін қалыптастыру
2.
Пәннің
мазмұнына байланысты
дүниетанымдық ұғымдар мен көзқарасты
қалыптастыру жолдары.
1. Оқушының пәндік
компитенттілігін қалыптастыру
Кез келген
ғылым мен оқу пәні логикалық бірізділікпен дамитын
ұғымдар жүйесі. Дүниетану пәні бойынша білім
игеру мынандай кезеңдерден тұрады . Білім игерудің бірінші
кезеңі жеке табиғат құбылыстарын немесе фактілерді қабылдау болып табылады.
Балалардың білім игеру кезіндегі белсенділігі олардың алдына мұндай
құбылыс неліктен болады? Оны қалай түсіндіруге болады?
Қандай пайдасы бар? - деген нақтылы сұрақтар қою
арқылы артады.
Проблемалық жағдай
көбіне мұғалімнің табиғаттағы
бақылаулары кезінде, тәжірибе немесе практикалық
жұмыстар жүзіндегі дұрыс қойылған
сұрақтар мен тапсырмалардан тұрады. Мұғалімдер
жаңа материалды өткенде табиғаттың бұл
құбылысы немесе заты туралы не білетінін міндетті түрде
анықтауы керек. Кіші мектеп жасындағылар көпшілік
жағдайда құбылыстың тек сыртқы не мәнсіз
белгілерін байқайды. Баланың жаңа затты немесе
құбылысты көруге, оны бақылауға туа біткен
талпынысы қабылдаудың бастапқы негізін құрайды.
Оқушыларда обьекті немесе табиғат құбылыстарының
сыртқы түрі туралы алғашқы түсінік туады.
Түсінік бала санасында көрнекі бейнелер түрінде және
олар нақтылы сипатта болады, бірақ бұл түсінік
қарапайым, жалпылама түрінде қалыптасады. Мұғалім
түсінікті тереңдету және кеңейту үшін
оқушылардың алдына сол заттың немесе
құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын
нақты сұрақтар қояды. Мысалы, жапырақтың
ағаштан түсу кезінде қандай өзгерістер болады?
жапырақ қандай ағаштардан түседі? Мұғалім
жапырақ арқылы оларға тамырдан діңді бойлай
жүретін ылғалдың болатынын түсіндіреді. Егер
қыста жапырақ түспесе оларға келіп тұрған
су аяздан қатып қалады да өсімдік тіршілігін жояды. Неліктен
шырша мен қарағай қылқанын тастамайды? Өйткені
қылқан арқылы су аз буланады. Яғни жапырақты
ағаштардың қысқы суықтарға
дайындықтары. Міне, осы сияқты сұрақтар
төңірегіндегі сұрақ-жауаптан соң
мұғалім балаларды заттардың немесе
құбылыстардың нақты белгілері мен қасиеттерін
ажыратуға, оны бірнеше заттардың немесе құбылыстардың
белгілері мен қасиеттерін салыстырып, маңызды ерекшеліктерін
анықтауға үйрету керек. К.Д.Ушинский: «салыстыру - кез келген
ұғымның және ойлаудың негізі болып табылады»
деген.
Түсініктерді
қалыптастырудағы маңызды қадам - балалардың
заттың ең ерекше белгілерін айыра білуі болып табылады.
Айталық, мұғалім заттың бір немесе бірнеше ерекше
белгілерін атай отырып, оқушыларға заттың өзін атауды
талап етеді. Маңызды белгілер мен қасиеттерді анықтауға
байланысты жүйелі жұмыс жүргізу балалардың жеке табиғат
обьектілері туралы саналы түсініктерінің қалыптасуына зор
мүмкіндік береді.
2.Пәннің
мазмұнына байланысты
дүниетанымдық ұғымдар мен көзқарасты
қалыптастыру жолдары.
Жұмыстың келесі
кезеңі – балаларда белгілі ұғымдардың қалыптасуы.
Оқушыларда айқын және дәл түсініктердің
болуы бұл ұғымдарды қалыптастырады.
Ұғымның
белгілі бір мазмұны мен көлемі болады. Ұғымның
мазмұнына заттың немесе табиғат құбылысының
оны басқалардан ажырататын маңызды белгілері кіреді.
Ұғымның мазмұнын дәл ашуды анықтама деп
атайды. Ұғымға байланысты жұмыс әрқашанда
баланың сөздік қорын молайтумен ұштасып отырады.
Әр жаңа ұғымға байланысты сөзді
әңгімелеу барысында қолдануды міндетті етіп санау бала
санасында, сөздік қорында нақты толық орын алуына
септігін тигізеді. Сондай-ақ бала санасындағы жаңа
ұғым кеңейіп және тереңдеп отыру үшін
мұғалім сабақта сол ұғымға бірнеше
қайтара соғып, жаңа мазмұнымен байытып,
тереңдетіп, кеңейтіп қайталап отыруы қажет. Сонымен
біртіндеп сезім мен қабылдаудан түсінікке, түсініктен
ұғымға жетелейтін жол - бала санасында болмыстың
маңызды, заңды байланыстары мен қатынастарын қоса
толық бейнелеуге баратын жол болып табылады.
Ұғымдар -
қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын ойша
елестете алу. Табиғат туралы ұғымдардың
қалыптасуы - жаратылыстанудың аса маңызды міндеті,
өйткені адам ойының негізінде әрқашан бейнелер жатыр.
Біз «орман» деген сәтте оны қандайда бір түрде көз
алдымызға елестетеміз.
Бейнелердің жасалу
тәсілдеріне орай ұғымдар есте сақтау және
елестету ұғымдары болып бөлінеді. Есте сақтау
ұғымдары табиғат обьектілері мен суреттер, бейнелі
құралдар арқылы оқыту, көріністерді тікелей
бақылау, көру негізінде пайда болады. Көрініс
обьектінің немесе құбылыстың сыртқы кейпін
қалай дәл берсе, ол туралы ұғым соғұрлым
нақты болады. Мұғалім баланың назарын сұрақ
қою арқылы зейінде тұрған нәрсенің
қайсыбір нақты белгісіне аударған кезде пайымдау немесе
ұғымдар пайда болады.
Елестету ұғымдары -
бұл обьектіні тікелей бақыламаған сәтте пайда болады.
Олардың негізінде ауызша немесе жазбаша сипаттау жатады. Елестету
ұғымдары әрқашан шашыраңқы келеді, есте
сақтау ұғымдарына қарағанда оқушының обьектіні сипаттауда
қабылдау ерекшілігін көбірек көрсетеді.
Бастауыш сынып
оқушыларының ойлау жүйесіне негізінде сезіну, сезімдік,
көрнекілік басым болатынын ескерсек, оқушыларда
ұғымдарды қалыптастыру аса маңызды міндет, жауапты
процесс болып табылады.
Сезіну - бұл заттар мен
құбылыстардың тікелей сезіну нүктелеріне әсер
ететін жекелеген қасиеттерінің көрінісі. Демек, анализаторлар
бақыланып отырған нәрсені қабылдау кезінде
неғұрлым көп «іске қосылса» пайда болған бейне
соғұрлым толық әрі дұрыс болады. Дегенмен
оқушыларда қалыптасқан ұғымдар
әрқашан дербес, жеке болып келеді. Олар –обьективті
әлемнің субьективті бейнесі, біздің барлық біліміміздің
алғашы кезеңі. Ұғымдар түсініктерді
қалыптастыру кезінде қажет.
Түсініктер заттар мен
құбылыстардың елеулі қасиеттерін, байланыстары мен
қатынастарын көрсетеді. Түсінікті меңгеру процесі
жалпыны бөліп көрсетуден тұрады. Түсінікке
ұғымдарға қарағанда абстракцияның
жоғарғы деңгейі тән, осыған байланысты
төменгі класс оқушыларының ойлау ерекшеліктерін ескерсек,
оларда түсініктің қалыптасуы айтарлықтай қиындық
туғызады.
Дүниетану пәнінде
биологиялық, географиялық, экологиялық яғни, жалпы
табиғат туралы ұғымдар меңгеріледі. Жалпы
ұғымдар жеке, жинақы, жалпылама деген түрлерге
топтастырылады.
Жеке ұғымтардың
қалыптасуы. Әрбір жеке обьекті не заттың немесе
құбылыстың атауы жеке
ұғымдарға мысал. Жалпы ұғымдар терминдермен
тұжырымдалады да жеке ұғымдар – жеке аттармен немесе
атаулармен тұжырымдалады, өйткені жер бетінде мұндай
басқа обьектілер жоқ. Жеке ұғымдар өз кезегінде
биологиялық, экологиялық, географиялық сипатта болады.
Мысалы; Астана, Шымкент, Кавказ – жеке географиялық; өзен,
қала, тау, жер - жалпы географиялық; құстар,
гүлді өсімдіктер, жануарлар, қылқандылар - жалпы
биологиялық; көктікен, сұр қоян, шырша - жеке
биологиялық; факторлар, биосфера - экологиялық ұғымдар
болып табылады.
Жинақы
ұғымдардың қалыптасуы. Жинақы ұғымдар жеке
ұғымдардан тұрады да, олардың туыстық
белгілерінің ұғымдары жалпы болады, мысалы: Солтүстік
Мұзды мұхит теңіздері немесе Тынық Мұхит
теңіздері. Бір ғана мұхитқа жатуы мен туыстық
белгісі «теңіз» болуы оларды жинақы ұғымға
біріктіреді.
Жалпы ұғымдардың
қалыптасуы. Дүниетанудан 1 - 4 кластарда сабақ
бергенде табиғат және халық шаруашылығының
қызметімен таныстырғанда мұғалім жалпы
географиялық және жаратылыстану ұғымдарын: таулар,
мұхиттар, ағаштар мен бұталар, жабайы және үй
жануарлары, өзендер мен көлдер туралы ұғымдар береді.
Дүниетану сабағында
меңгеретін түсініктер де
жалпы және жеке болып бөлінеді. Жалпы түсініктер біртекті
заттар мен құбылыстарды қамтиды. Оған өзендер,
таулар, жазықтар, шөлдер, балықтар немесе белгілі жерді
бағдар жасау, жауын-шашын түсініктері мысал бола алады. Кез келген
жалпы түсінікті сипаттай отырып, балалар оның негізгі белгілерін
немесе әрекет кезеңдерін атай білуі тиіс. Жеке түсініктер -
бұл нақты обьектілер мен құбылыстар туралы
түсінік, мысалы, Арыс өзені, Қазығұрт тауы,
Байкал көлі, найзағай, жаңбыр, қар т.б. Жеке
түсініктердің мазмұны оларды сипаттағанда немесе
мінездеме бергенде ашылады.
Обьектілер мен
құбылыстар туралы ұғымдар мен түсініктерден
басқа обьектінің шамасы, оның пішіні, т.б. кеңістік
ұғымдары қалыптасады. Түсініктер мен
ұғымдардың қалыптасу кезінде оқушылардың
дағдысы маңызда роль атқарады. Бұл оқи білу,
бақылау жасау, практикалық жұмыстар, тәжірибе жасау
сияқты әрекеттерін меңгеру.
Түсініктер мен
ұғымдардың қалыптастырудың екі жолы белгілі:- тікелей
және жанама. Дүниетануды оқыту кезінде екінші жол
көбірек жүзеге асады, өйткені ол қысқа әрі
үнемді. Іс жүзінде екі жолда бір мезгілде пайдаланылады, бір-бірін
толықтырады, алайда екіншінің үлес салмағы
әлдеқайда басым. Мысал, көл деген жалпы түсінігін
қалыптастыру үшін барлық көлге ортақ белгіні атау
керек - бұл тұйық формадағы су кеңістігі.
Басқа қалған белгілер (тереңдігі,
тұздылығы, температурасы, жағасының биіктігі,
қазаншұңқырының пішіні, т.б.) өзгеріп
отырады және олар жалпы түсінікті қалыптастыру кезінде
пайдаланылмайды. Ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру
кезінде тікелей және жанама жолдарды ұштастыру, әсіресе
бастауыш класта қажет. Ол үш факторға байланысты: нақты
обьектілердің мысалы, шөлдің бақылауға
алынуының қиындығы; балалардың бақылауға
алған нақты обьекті немесе құбылыстардың басты
және өзгермелі белгілерін оңайлықпен бөліп
көрсете алмауы. Оқушылар картиналарды немесе өзге де
нақты заттарды сипаттау кезінде осы түсінік үшін қандай
белгі басты (маңызды ) болып табылатынын, ал қандай белгі жанама
болатынын айтуы қажет. Тек осы жағдайда ғана оқушы
өзі көрген зат немесе сурет осы жалпы түсінікке қатысты
барлығын түсінеді.
Ұғымдарды
қалыптастыру мақсатында оқушыларға өздері
бұрын көрген затты немесе суреттің есте қалған
бейнесі бойынша салуды, ауызша
сипаттауды талап етуге болады. Егер сурет затты ақиқат
бейнелесе, онда оқушыда ол туралы ұғымы дұрыс болады.
Басты белгілерді көрнекі түрде беру бейнені түсінікпен
байланыстырады, оны жалпы түсініктің тасмалдаушысы етеді. Бұл
бала санасына қабылданады, яғни
бейне мен сөз арасында байланыс жүзеге асады. Сөз
белгілі бір мәнге ие болады, нақты мазмұнмен толығады.
Ұғымдар мен
түсініктерді қалыптастыру еңбекті көп қажет
ететін ұзақ процесс. Дүниетануды оқытудың
бүкіл кезеңінде бұрын меңгерген ұғымдар мен
түсініктер кеңейіп, тереңдеп отырады және олардың
негізінде жаңалары енгізіледі.
Бақылау
сұрақтары:
1. Бастауыш сыныпта дүниетану пәнін оқыту бағыттары қандай,
қалай жүзеге асады?
2.Ұғымдар жүйесі дегеніміз не?
3. Жеке ұғым дегеніміз не?
4. Жалпы ұғым дегеніміз не?
5. Биологиялық ұғым дегеніміз не? Мысал.
Қажетті
әдебиеттер
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану
теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы
бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения
естествознанию и экологическое воспитание в
начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.
10-лекция
Тақырыбы: Оқушыда ақпараттық мәдениет,
өз бетімен жұмыс істей білу, ойлай білу қабілетін
қалыптастыру.
Мақсаты: Оқушыда ақпараттық мәдениет,
өз бетімен жұмыс істей білу, ойлай білу қабілетін
қалыптастыру жолдарын меңгерту.
Жоспары:
1. Оқушының
ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жолдары
2. Оқушыны өз бетімен жұмыс
істей білу, ойлай білу қабілетін қалыптастыру.
1.Оқушының ақпараттық мәдениетін
қалыптастыру жолдары
Дүниетану пәні өзінің
мазмұны мен қисыны және құрылымы жағынан
мынандай елеулі ерекшеліктерімен сипатталады. «Адам» блогы жаңа тарау
болып табылады. Дүние-тану біздің мектеп тарихында адамды,
оның айналадағы дүниемен қарым-қатынасын («адам -
өлі табиғат», «адам - тірі табиғат», «адам-басқа
адамдар», «адам-материалдық және рухани мәдениет», т.б.)
жан-жақты қарастырып таныстыруды бастайтын алғашқы
пән екендігін атап көрсеткен жөн. Мұнда бұл
ұғымдардың мәні абстрактылы түрде қалмай,
оқушының өзін-өзі тануы жүзеге асады.
Әр блоктың мазмұны кластан
класқа қарай біртіндеп күрделеніп 1-4 кластарда
үздіксіз оқытылады. Әр блок мазмұны- ның
өзара байланысы адамның еңбек әрекеті және
бөлінбес бөлігі ретіндегі табиғатпен, негізгі мүшесі
ретінде қоғаммен әрекеттестік қарым-қатынасы
туралы білім мазмұны арқылы жүзеге асады.
Тағы бір ерекшелігі пән мазмұны қазіргі
заманғы ғылыми білімнің, мәдениеттің
әртүрлі салаларынан (қоғамдық және
жаратылыстану ғылымдары, экономика, этика, эстетика,
құқық, өнер, т.б.) хабардар ету негізінде
дүниені танып білу әдістерімен (бақылау, тәжірибе, эксперимент, модельдеу,
талдау, синтез, салыстыру, т.б.) оқушыны қаруландыру арқылы
оның ортамен сауатты қарым-қатынасын жан-жақты дамытып,
тәрбиелеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Дүниетану пәні арқылы
оқушы алғашқы тірі және өлі табиғат,
табиғаттағы құбылыстарды, дене мен заттар,
олардың әрқай- сысына тән қасиеттерін,
олардың адамдарға қажеттілігі туралы біледі. Осындай
мағлұматтарды ұғына отырып ұғымдар
жүйесі қалыптасып, сөз қоры молайып, табиғат пен
адамның тығыз байланыстылығын түсінеді.
Қазіргі таңда табиғат туралы
ғылымдар ғылыми – техникалық прогрестің басым бағыттарын
анықтайды, дүниеге ғылыми тұрғыда
қарауға баулиды, табиғаттың даму
заңдылықтарын ашады. Дүниені түсінуге тырыса отырып,
бала қоршаған орта мен құбылыстарды зерттейді,
жүйелейді және тиісті тұжырымдар жасайды.
Балаларда қоршаған ортаға деген
дұрыс көзқарас қалыптасады, оны сақтауға
деген жауапкершілік сезімі тәрбиеленеді, табиғат аясындағы
мінез-құлықтың белгілі бір нормасы түзіледі.
Мұның бәрі жеке бастың экологиялық
мәдениетінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұдан
басқа дүниетануды оқып-үйрену ғылым мен
ғылыми білімнің қоғамды дамытудағы және
қоршаған ортаны сақтаудағы ролін ашып
көрсетуге көмектеседі.
Оқушылардың бойында бастауыш мектепте дүниетануды оқу
кезінде белгілі бір білім қоры, бастапқы дағдылар мен
машықтар, икемділік қалыптастырылады. Бастауыш мектепте білім
берудің жаңа стандартына сәйкес биология, физика, химия,
география, астрономия және экология пәндері «табиғат» атты
біртұтас блок құрайды.
2. Оқушыны өз
бетімен жұмыс істей білу, ойлай білу қабілетін қалыптастыру
Әр бала үшін өзіндік
тапсырмалардың мазмұны мен сипатын және оны уақтылы
тексеру формасы таңдалады. Тұтас бір кластағы өзіндік
жұмыс пен мұғалімнің басшылығымен істелінетін
жұмыстың алмасып отыру тәртібін мұғалім
барлық класқа назарын аударып отыра алатындай етіп жоспарлайды.
Тапсырма түрлері күніге өзгеріп, оқушыларды
қызықтыратындай, өздігінен істейтін жұмыстың
тартымдылығын арттыратындай мазмұнға ие болуға тиіс.
Кейде өзіндік жұмыстардың түрі бүкіл класқа
ортақ болуы да мүмкін. Мысалы, күнделікті бақылау
нәтижелерін қорыту барысында барлық оқушылар
қатыса алады. Бірақ кластың әр баласының
бақылау көлемі мен мазмұны әр түрлі болады да оны
келесі баланың тереңдетіп, толықтыратындай бағыт
беріледі.
Уақытты дұрыс бөлу үшін, балалардың
дайындық деңгейін және олардың өзбетімен жұмыс
жасай білуін, жаңа материалдың қиындық деңгейін,
оның барлық класс үшін дидактикалық мақсатын
ескеріп отыру қажет. Сондай-ақ өзбетімен жұмыс істеу
қабілеттері әлі аздау
оқушыларға баса назар аударған жөн.
Оқушылардың өзіндік жұмыстарының
ұйымдастырылуының 4 типі бар;
1. Орындаушылық деңгей: ол
оқулықтармен жұмыс істеу, конспект жазу, жай тапсырмалар
орындау.
2. Репродуктивті деңгей: типтік есептер
шығару, обьектіні талдау.
3. Белгілі бір деңгейде ізденушілік немесе
ойлау, ойлану деңгейі: проблемалы тапсырмаларды, типтік емес есептерді,
жаттығуларды шешу. Меңгереген білімдерін пайдалана
шығармашылық жұмыс орындау.
4. Ғылыми - ізденушілік деңгей.
Жаңа ақпараттармен толығу, зерттеу обьектілеріне терең
бойлау, шығармашылық зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Төменгі сынып оқушыларының
интеллектуальдық қабілеттері әрқайсысында әртүрлі,
сондықтан әр балаға
жеке амал, жеке әдіс, жеке тапсырма беруді ойласу керек. Осыған
байланысты өзіндік жұмыстардың түрлері мынадай сипатта
болады;
- Ғылыми әдебиеттермен жұмыс
істеу, мазмұнды конспект, сөздік даярлау;
-Жеке тақырыптар төңірегінде
реферат жазу, оны мазмұнды әңгімелеп беру;
-Үйірме сабақтарына сөйлеуге
даярлану;
-Сабақ үстінде жүргізілетін
іскерлік, рөлдік ойындарға, пікірталас т.б сабақ типтерін жүргізуге
белсенді араласу үшін даярлану ;
-Оқушылардың олимпиадаларға
даярлану;
-Өз бетінше тәжірибе, эксперименттер
жасап, нәтижелерін талдау, қорытындылай білу;
-Түрлі обьектілерді бақылау,
қорытындысы бойынша баяндамаға даярлану.
Нәтижесінде оқушыны өз бетімен
жұмыс істей білу, ойлай білу қабілетін қалыптастыру барысында ғылыми және
әдістемелік әдебиеттер іздестіру және олармен жұмыс
істеу, өзбетінше ақпараттар, материалдар жинақтау,
ғылыми-ізденушілік және шығармашылық қабілеттерін
жетілдіру, өзбетінше шешім қабылдай білу дағдысы мен ептілік, біліктілік қалыптасады;
-Еңбекқорлыққа,
шыдамдылыққа, алған бағытына жету үшін
ыждағаттылыққа, өз уақытын дұрыс жоспарлау
және дұрыс ұйымдастыра білуге тәрбиеленеді;
-Оқу материалдарын бекітеді және
жан-жақты кеңейтеді, тереңдетеді.
Бақылау
сұрақтары:
1.Оқушының ақпараттық мәдениетін
қалыптастыру жолдары
2. Оқушының өз бетінше жұмыстар жүргізу
жолдары?
3. Өз бетінше жұмыс түрлерімен шұғылдану
маңыздылығы?
4. Бала қабілетінің қанша деңгейі бар?
5. Кіші мектеп жасындағы балалармен
өз бетінше жұмыстарды ұйымдастыру әдістемесі
Қажетті
әдебиеттер
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану
теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы
бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения
естествознанию и экологическое воспитание в
начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.